Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ж.Түймебаев шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында өңiрдегi iскер азаматтармен кездестi. Жиынға Шымкент қаласындағы «Оңтүстiк», «Тассай», «Бадам» индустриялық аймақтарында орналасқан 60-тан астам шағын және орта бизнес өкiлдерi мен облыс әкiмiнiң орынбасары Б.Жамалов, тиiстi сала басқармаларының басшылары, «Оңтүстiк» индустриялық аймағы дирекциясының өкiлдерi қатысты. Басқосуда өңiр басшысы кәсiпкерлерге қолдан жасалатын кедергiлердi болдырмау, бюрократияға жол берiлмеу керектiгiн айтты. «Өңiрдiң өндiрiсiн көтерiп және облыс экономикасының дамуына орасан үлес қосып отырған осы шағын және орта кәсiпкерлiк саласы. Бүгiнде кәсiбiн дөңгелетемiн деген әрбiр кәсiпкерге мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Өздерiңiз кәсiпорын ашып отырған индустриялық аймақ Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған» дедi әкiм.
Бизнес өкiлдерiмен болған кездесуде отандық өндiрiстi дамыта отырып, экспортты ұлғайту мәселесi талқыланды. Сонымен қатар, индустриялық аймақта орналасқан кәсiпорындар аумағын көгалдандыру мен бос жатқан жерлердi игеру жайы да қаралды. Онда облыс әкiмiнiң орынбасары трансформатор шығаратын «Asia Trafo» кәсiпорны өз қаржысы есебiнен «Тассай» индустриялық аймағында шағын бау егетiнiн айтып, өзгелерге үлгi еттi. Кездесу барысында «Амир-А» ЖШС-нiң директоры Айман Әмiрбекова «Оңтүстiк» индустриялық аймақта құны 7 миллиард 11 миллион теңге болатын металлургиялық зауыттың құрылысы жүргiзiлiп жатқанын мәлiмдедi. Жылына 500 мың тонна металл бұйымдарын шығаруға қауқарлы өндiрiс орны iске қосылғанда 260 адам жұмыспен қамтылатын болады. Айта кетейiк, «Оңтүстiк» индустриялық аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд. теңге болатын 5 мың адамды жұмыспен қамтитын 85 жоба жүзеге асырылуда. Оның бүгiнде құны 21,4 млрд. теңге болатын 46 жобасы iске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал, «Бадам» индустриялық аймағында 14 жоба жүзеге асырылып жатса, бүгiнде оның 3-еуi iске қосылған. «Тассай» индустриялық аймағында бүгiнде 27 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның 4-еуi iске қосылған.