«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» оңтүстіктен солтүстікке көшетіндер үшін жеңілдіктер жасауда. Аталған банк қоныс аударатындарға үй құнының елу пайызын жинамай-ақ, баспана беретін болды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мәлімдеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сала мамандарының сөзінше, отбасымен бірге солтүстікке көшуді жоспарлағандар үшін мемлекеттен қомақты жәрдемақы да беріледі. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда өңір халқы 272 мың адамға артқан. Мақтарал, Сарыағаш аудандарындағы бұл көрсеткіш 100 мың адамнан асады. Осы статистиканы төмендету үшін алдағы бес жылда өңірімізден 22 мыңнан астам отбасын солтүстік облыстарға қоныстандыру жоспарланып отыр екен. Жалпы, бұл бағдарлама қолға алынғалы бері оңтүстік өңірлерден солтүстікке 58 мың 904 отбасы қоныс аударса, соның 40 пайызы оңтүстіктің тұрғындары екен. Яғни, жобаны жүзеге асыруда біздегі белсенділік жоғары. Осы көрсеткішті төмендетпеу үшін басқарма қажетті шараларды қолға алған. Солтүстікте қандай жұмыс орындары барын және онда барғанда қандай жеңілдіктердің берілетінін барлық аудан-қаладағы жұмыспен қамту орталықтары жұртшылыққа хабарлап отыр. Ал, қоныс аударып, жеңілдікке қол жеткізуге барлық азаматтың мүмкіндігі бар дейді мамандар.