05-09-2021
35.3 C
Шымкент

Солтүстікке қоныс аудару мәселесін талқылады

Облыстық «Қоғамдық келiсiм» КММ-нiң ғимаратында елiмiздiң оңтүстiгiнен солтүстiк облыстарға қоныс аудару мәселелерiн насихаттау, мемлекеттiк қолдау шараларын жан-жақты түсiндiру мақсатында «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов, ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi ОҚО бойынша департаментiнiң өкiлi Ғабит Жүндiбаев, Оңтүстiк Қазақстан облысынан Павлодар облысына қоныс аударуға ниет бiлдiрушi азамат, Сайрам ауданының тұрғыны Құдайберген Тәжiбаев және аудан, қалалардағы делегация өкiлдерi қатысты. Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов баяндама жасады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басы артық жұмыс күшi бар өңiрлерден жұмыс күшi жетiспейтiн өңiрлерге тұрғындарды көшiру туралы тапсырмасына сәйкес облысымызда бiрқатар шаруалар атқарылды. Бiздiң облысымыз жұмысшы саны көп, халқы тығыз орналасқан өңiр болып саналады. Бүгiнгi таңда халық саны 2 миллион 860 мыңға жетiп отыр.

Республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтардан халқы сирек орналасқан өңiрлерге көшiру жұмыстары 2014 жылдан берi бастау алған-ды. 2014-2016 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту—2020» бағдарламасы шеңберiнде облысымыздан 154 отбасы өзге өңiрлерге қоныс тептi. Көшiп барған жерлердегi жауапты ұйымдардың жүргiзген мониторингтiк көрсеткiштерiне сенсек, қоныс аударған азаматтардың   48-i ауыл шаруашылығы, 42-сi бiлiм саласында, 11-i жергiлiктi атқарушы органдарда, 19-ы қызмет көрсету және денсаулық салаларында жұмыс iстеуде. 2017 жылы да бұл жұмыстар жалғасын тауып, «Өңiраралық бiрiгудi дамыту, ұйымдастыру» шаралары бiрнеше ауданда өткiзiлдi, – дедi ол өз баяндамасында. Сондай-ақ, Павлодар облысына қоныс аударуға ниет бiлдiрушi азамат Құдайберген Тәжiбаев өзiнiң көрген-бiлгенiмен бөлiстi. Облыстық әкiмдiк демеушi тауып, солтүстiк өңiрдегi аудандарға қоныс аударатын азаматтарға арнап экскурсия жұмыстарын ұйымдастырған. Құдайберген Тәжiбаевтың айтуынша, солтүстiк өңiрдегi аудандарда мамандар жетiспейдi. Педагог, ауыл шаруашылығы саласында iстейтiн кадр тапшылығы бiлiнедi. – Павлодар облысының Қаратоғай ауданына бардық. 800 орынды мектепте 80 бала оқып жатқанына куә болдық. Заманауи технологиялармен жабдықталған бiлiм ошақтарында балаларды оқытатын мұғалiм тапшы. 5 бөлмелi жер үйдi 600-800 мың теңгеге сатып алуға болады. Көптеген үйлер бос тұр. Ол жақтың табиғаты да егiн шаруашылығына өте қолайлы. Сондықтан да облыс тұрғындарын қоныс аударуға шақырамын, – дейдi Құдайберген Тәжiбаев. Жиын соңында солтүстiк облыстарға қоныс аударуға ниет бiлдiрушi азаматтар келген қонақтарға сұрақтарын қойып, пiкiр алмасты.

Ерболат айнабеков, «Оңтүстiк Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР