«Нұр Отан» партиясы әлеуметтің жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше бағдарлама жасап, жүзеге асыруда. Соның бірі — аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін және сапалы біліммен қамту. «Сәтті қадам» деп аталатын бағдарламаның шапағаты қандай? Осы мақсатта «Болашақ» колледжінде ашық есік күні ұйымдастырылды. «Сәтті қадам» бағдарламасы 3 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде облысымызда 300-ден астам асыраушысынын айырылған, жартылай жетім және көпбалалы отбасыдан шыққан жастар тегін білім грантына қол жеткізді. Бүгінде «Болашақ» колледжінде 50-ден астам студент «Сәтті қадам» жобасы аясында білім алуда. Олар жатақханамен қамтамасыз етілген. Ыстық тамақ, әр тоқсан сайын үйіне барып қайтуға қаржылай көмек көрсетіледі.
МУАЗЗАМ ШАМҰРЗАЕВА – «БОЛАШАҚ» КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТі: «Нұр Отанның» «Сәтті қадам» жобасы аясында маған 100 пайыз жеңілдік болып отыр. Яғни, 100 пайыз жеңілдікпен тегін оқып жатырмын. Біздің «Болашақ» колледжінде жақсы оқитын студенттерге стипендия беріледі. Сол стипендия алатын студенттер қатарындамын.
Партияның алға қойған мақсаты: әділетті әлеуметтік саясат. Сондықтан, алдымен, облысымыздағы 4 балалар үйінің тәрбиеленушілері қабылдануда. Мүмкіндігі шектеулі жастар да қамқорлыққа алынған. «Болашақ» колледжінде бұдан өзге облысымыздың 5 ауданынан 50 студент білім алуда. Олардың дені — көпбалалы отбасы ұландары.
САТТАР ҚУАШБЕКОВ – «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз оларға қолжетімді баспана әперуге де біз өз тарапымыздан ықпал жасаймыз. Жалпы, Елбасының тікелей саясаты және «Нұр Отанның» бағыты жастарды тікелей қолдау және мүгедектерді қолдау мақсатында «Біз бәріміз біргеміз, кемсітуді білмейміз» деген бағытта жұмыс істеп жатырмыз.Ондағы мақсат — мүгедектерді өмірге бейімдеп, жұмысқа орналастыру.
Ашық есік күніне келгендер осының бәрін көзімен көріп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Әлеумет мүддесі үшін жұмыс істейтін мұндай жобалар өміршеңдігін дәлелдеуде. «Сәтті қадам» жобасының шапағатын көрген студенттер жүзінде — қуаныш.
НҰРМАХАН Кенжехан