Қыс – қыр астында. Әне-міне дегенше, қылышын сүйреткен қаһарлы маусым да таяп қалды. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті күн аязда болуы мүмкін қауіпті жағдайлардың алдын алуды қазірден бастаған. Республика көлемінде ұйымдастырылған «Қыс – 2017» командалық–штабтық оқу–жаттығулары ОҚО Мақтарал ауданында да болып өтті. Бұл – Мақталы мекеннің қысқа қамын бағамдаған шара. Оған өрт сөндіру тобы, жол жөндеу отряды, апаттық медицина орталығы мен жөндеу звеносынан бірнеше қызметкер жұмылдырылды. Сайыс ретінде өрбіген шара екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында комиссия мүшелері азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы мен арнайы техникалардың жарамдылығына мән берді.
ДОСАН ЖАМИДИНОВ – МАҚТАРАЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың өзі келіп қатысты. Осы Мақтарал ауданы қысқа дайындығы бойынша барлық осы службалардың, төтенше жағдайға қарсы қызметтердің, яғни 15 қызмет құрылған. Сол қызметтер барлық өзінің техникаларын, құрылғыларын, сондай-ақ жеке құрамын, барлығы осы алаңға шығарылып, барлығын таныстырып өтті.
Ал, іс–шараның екінші кезеңінде төтеншеліктер алдын-ала дайындалған сценарий бойынша әрекет етті. Онда Достық каналында орын алған апат сипатталады. Білім бөлімінің жанынан құрылған авариялық құтқару қызметі су арнасының жиегін қалпына келтіруге қызу кірісті.
БАТЫР МЕДЕТБЕКОВ – ЖЕКЕ ҚҰРАМНЫҢ МҮШЕСІ: Мақтарал ауданымыз, Жетісай қаламызда Достық дейтін каналымызда су апаты болып, соған барлық күштерімізді ұйымшыл болып дайындап жатырмыз. Соған бар күшімізді салып, 90 адамдай игеріп, сол судың апатын тоқтаттық.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу жаттығу жұмыстарының жеке құрам сапасын арттыруда маңызы орасан. Сондықтан, ол жылына екі рет ұйымдастырылады. Осылайша, ауданның құтқару қызметі кез-келген төтенше жағдайға әзірліктерін пысықтайды.
АЙЖАН Әшірхан