06-04-2022
16.3 C
Шымкент

180 балаға арналған балабақша ашты

Мырзашөлдің іскер азаматтары Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді. «Елім, жерім» деп, еңбек еткен кәсіпкер Бақтияр Қазыбаев Жаңа ауыл елдімекенінде 180 балаға арнап, балабақша ашты. Туған жерін түлетуді мақсат еткен азамат жаңа мекеменің балалар үшін құтты ұя болатынына сенімді. Кәсіпкерлікті дамыту – «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы басым бағыттардың бірі. Ол – ел экономикасы еселеніп, бірқатар жұмыс орын­дарының ашылуына серпін береді. Осы орайда мемлекеттен қолдау көріп, бизнесін ілгерілеткен кәсіпкер Бақтияр Қазыбаев та тірлігін түзеген тұста жақсылығын халқына қайтаруды көздейді. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды міндетті борыш, қастерлі құрмет санайды.

БАҚТИЯР ҚАЗЫБАЕВ – КӘСІПКЕР:  Елбасының шығарған Заңдары бар. «Жұмыспен қамтудың – 2020 — Жол картасы» бағдарламасы бар. Сондай кеңшілік, мүмкіншілік болғаннан кейін мына осы жайларды амалға асырып отырмыз. Ол үшін Елбасымызға үлкен рахмет! Біз сияқты кәсіпкерлерге барлық жағдайды істеп қойған. Мұнымен біз тұрып қалмаймыз. Ауылда енді көп нысандар бар. Спорт залы бар. Достар үйі бар. Оны салысуға қазірден біз қаражат бөліп отырмыз.

Жаңа балабақшада мақтаралдық 24 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.  Мұнда балалар жас ерекшелігіне қарай 6 топқа бөлініп, үш тілде білім алады. Сондай-ақ, спортқа машықталып, шығармашылық тұрғыда шыңдалады.

Меруерт Рзаева – балабақша әдіскері: Бізде 6 топ бар. Бірінші топ — кіші топ. Екінші, кіші және ортаңғы топ бар. Ортаңғы және ересектер, екі топ бар. Әрқайсысының атауларына тоқталатын болсақ, «Балапан», «Құлыншақ», «Балдаурен» тобы, «Ақбота», «Балауса» тобы бар. Әрқайсысында заманауи жабдықтармен жабдықталған. Барлық жағдай бар. Балаларға ағылшын, орыс тілін үйретеміз. Ондай мамандарды алдық. Және де бізде медкабинет, процедурный, әжетханамыз, заманға сай талап етілген, ыстық су ағып тұр. Және де асханамызда үлкен тоңазытқыш, газ плита, барлығы бар. Балалардың әрқайсысына білім беретін тәрбиешілер де алдық. Әрқайсысы — өзінің мамандары. Біраз жыл стаждары бар кісілер.

Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне келген қонақтар бүлдіршіндер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. «Бір бала қуанса, қырық періште шаттанады». Сондықтан, бұл орта бүлдіршіндерге бақыт сыйлап, рухы берік ұландарды тәрбиелеуде тірек болатынына сенім мол.

АЙЖАН Әшірхан    

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР