test
14-07-2024
32.3 C
Шымкент

2013: ҮЗДІКТЕР КІМДЕР?

«Sayasat.org» сайтында сарапшылардың анықтауымен «Жыл адамы» номинациялары бойынша 2013 жылы үздік деп танылған есімдер жарияланды. Олардың қатарында жылдың әр түрлі аталымдары бойынша бірқатар саясаткерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер бар.  askarrakimmm

Сонымен, «Жыл саясаткері» номинациясын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев иеленді. Сарапшылардың пікірінше, Нұрсұлтан Әбішұлы жыл ағымында сыртқы саясат аренасында белсенділігімен ерекшеленіп, әлемнің жетекші елдерінің басшыларымен, атап айтқанда Англияның Премьер-Министрі Д.Кэмеронмен, АҚШ Президенті Б.Обамен, Франция Президенті Ф.Олландпен жемісті кездесулер өткізген. Ішкі саяси аренада да Мемлекет басшысы белсенділігімен көзге түсіп, өзі берген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылап, атқарушы органдардың жұмысын жандандырған.

«Жыл әкімі» номинациясында – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов үздік деп танылды. Біріншіден, «Саясат-Monitoring» сарапшылар тобы «Әкімдер рейтингі» жобасы аясында жыл басынан бері Асқар Исабекұлының жұмысын оң бағалап, «тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізгендігін, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарғандығын» бағалап келді.  Екіншіден, сарапшылардың пікірінше облыстағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне байланысты туындаған ақпараттық шабуылдарға қарамастан А.Мырзахметов Ақорданың сенімін ақтай білген.  Өңірде жүргізілген жемқорлыққа қарсы ауқымды шаралардан кейін облыс әкімі өзінің саяси позициясын қайта нығайта алған. Ең бастысы, А.Мырзахметовтың басшылығымен облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар Елбасы тарапынан оң бағаланып отырғандығы. Мәселен, Президент көктемде оңтүстік өңірлерінің әкімдерімен өткізген кеңесте А.Мырзахметовтың атына бірде-бір сын-ескертпе айтпаған болатын, яғни облыста атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының көңілінен шықты деп айтуға болады. Ал Елбасы осы күзде Оңтүстікке жасаған жұмыс сапары барысында: «Облысқа келген сайын әкімді ауыстырады деп ойлайды. Жақсы жұмыс жасап отырған әкімді не үшін ауыстырамын?» деп ОҚО әкімінің жұмысына жоғары баға берген еді.

«Жыл депутаты» болып Дариға Назарбаева танылды. Сарапшылардың пікірінше жыл барысында Дариға Нұрсұлтанқызы әлеуметтік сала мен білім беру жүйесіндегі олқылықтарды қатаң сынға алып, депутаттық корпустың жұмысына серпін беріп отырған-ды. Оның депутаттық мінберден айтқан сөздері ақпарат құралдарында кең тарап, қоғамдық пікір туғызған.
Сарапшылар депутаттың белсенділігі жылдың үздігі атануына негіз болды деген пікірде.

«Жылдың ықпалды саясаткері» номинациясына Кәрім Мәсімов лайық деп танылды. Сарапшылардың пікірінше Президент Әкімшілігінде дайындалған «Үкімет қайда қарап отыр?» деген ақпараттық науқан белгілі бір деңгейде қоғамдық дүмпу туғызған болатын. Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Қажымқанұлының жоғары билік эшелонындағы ықпалы биыл да сақталуда. Бұрын осы лауазымда отырған саясаткерлерге қарағанда К.Мәсімов саяси топтар арасындағы текетірестерге араласпай, ішкі саясатты ұтымды жүргізе білген. Респонденттер оның кадр тағайындау мәселесінде де өзіндік ықпалы болғандығын айтып өткен.
«Жылдың үміт күттіретін саясаткері» номинациясына Қуандық Бишімбаев ие болды. «Бәйтерек» ұлттық компаниясының жетекшісі Қ.Бишібаев Президент Әкімшілігінде, «Арна-Медиа» холдингінде, Министірлікте, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» әлеуметтік қорында жауапты қызметтерде болып, мол тәжірибе жинақтаған. Қуандық Уәлиханұлы жастығына қарамастан, мемлекеттік деңгейдегі тәжірибелі, мықты менеджерлердің қатарынан табыла білген. Сарапшылар Қуандық Бишімбаевты Елбасының сенімді жас серіктерінің бірі ретінде, алдағы уақытта биік лауазымды қызметтерден көріп қалуымыз ғажап емес деген пікірде.
Сонымен қатар, жылдың әр түрлі аталымдар бойынша Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин, ҚР Премьер-Министірінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тажин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Ержан Бабақұмаров сондай-ақ, саясаткерлер Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Мұхтар Тайжан және Досым Сатпаев үздіктер қатарынан табылды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР