Шымкенттік ғалым Айсәуле Мұсаева әйелдерге арналған ғажап маска ойлап тапты. Бұл масканың құпиясы сол – табиғи өнімдерден жасалған. Бүгінде «Айсәуле» атауымен таралған косметикалық өнімге әсіресе, әйелдер тарапынан сұраныс көп.
Иә, әдему болу — әйелге тән қасиет. Әдеміліктің, сұлулықтың жаршысы саналатын әйелдер қауымы жасарудың құпиясына үңілуден шаршамайды. Жылт еткен жарнамадан көрінген косметикалық құралдар олардың назарынан тыс қалған емес. Алайда, уақыт барған сайын әдемі жүзіңізге өз ізін салатыны белгілі. Қазіргі заманауи косметология әсіресе, әйел әлеміне дендеп еніп, жасарудың түрлі әдіс-тәсілдерін ұсынуда. Ал кімнің жас болып қалғысы келмейді дейсіз?
— Адамның жасы ұлғайған сайын, әсіресе әйелдердің бет терісі көп күтімді талап етеді. Бұл жағдай менің де басымнан өтті, — дейді химия ғылымының кандидаты, доцент Айсәуле Әжібекқызы. — Құрғақ теріме ешбір крем, маскалар көмектесе қоймады. Өздігімнен ізденіп, зерттеулер жүргізіп, табиғи шөптесін өсімдіктердің тиімділігін зерттей отырып, одан өзіме керек өнімді жасап шығару туралы қорытындыға келдім. Өйткені, әр елде өсетін өсімдіктердің пайдалы әрі емдік қасиетке мол екендігі дәлелденген. Мәселен, Жапония, Корея, Қытай елдері неге өзге мемлекеттердің өнімдерін пайдаланбайды? Өйткені, олардың өздерінде шығатын өнімдер жеткілікті. Біздің өңіріміз де емдік шөптерге бай. Неге соны пайдаланбасқа деп шештім. Бір қызығы, түрлі шөптер мен дәнді дақылдардың жармаларын табиғи ақуыздармен байланыстыра отырып, ферментациялау (ашыту) процесімен алынған өнімнен бет терісіне ең қажетті зат — гиалуронды кислота бөлініп шығатынын алғашында ғалымның өзі білген жоқ. Тәжірибелерін зерттей келе маска құрамындағы қажетті заттың микроэлементтердің өзара әрекеттесуінен бөлініп шығатынына көзін жеткізді. Маска — теріні терең тазалап, мимикалық әжімдерді тегістейтін, ағартатын, сергітетін, қоректендіретін, терідегі дақтармен күресетін қасиетке ие.
Айсәуле апай өзі ойлап тапқан рецептпен жасалған масканы алғашында өзі қолданып жүріпті. Бетіндегі өзгерісті байқаған айналасындағылардың қызығушылығы туындап, олар да пайдаланып көріпті. Осылай екі жыл тәжірибелік зерттеу жүргізген оның нәтиженің жаман еместігіне көзі жетеді. Түрлі жағымды пікірлер қалыптаса бастайды. Демек, мұндай өнім өзімізге керек. Осылай деп шешкен, Айсәуле апай мұны инновациялық жоба ретінде облыс әкімдігі жанынан құрылған «Шымкент инновация» орталығына ұсынады. Ғалым әйелдің бұл жобасы мақұлданып, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында отандық органикалық косметика желісін шығару мақсатында 3 миллион теңге грант бөлінді. Тауарды сатуға Кеден Одағы Сәйкестігі туралы Декларация, өнертабысқа инновациялық патент алынды.
— Иә, бізге енді өнімдерімізді көптеп шығару керек. Бұрын қолмен жасап шығаратынбыз. Енді арнайы құрылғылар қажет болды. Қазір айына 200-300 құты шығарсақ, мұндай құрылғылардың көмегімен көптеп өндіретін боламыз. Сол мақсатта Қытайдың Үрімжі қаласынан цехқа қажетті маска жасайтын қондырғылар әкелдік. Бірі өнімді жасап шығарады, екіншісі арнайы құтыларға құйып отырады, — дейді А.Әжібекқызы. Айтпақшы, «Айсәуле» атауымен жасалған маскадан бөлек күндізгі және түнгі кремдер, көз айналасына арналған бальзам және ауыз қуысын шаятын фитошайлар жасап шығарылды. Енді сабын және сусабын шығару жоспарда бар. Қазір Шымкенттен шығарылған косметикалық тауарға еліміздің түкпір-түкпірінен сұраныс түсуде. Дегенмен де, отандық косметология өнімін дамытуды қолға алып жүрген ғалым әйел өндірісін кеңейту үшін әлі де қолдауды қажет етеді.
— Мен бұл масканы шын ниетіммен, үлкен махаббатпен жасадым ғой, — деп еске алады Айсәуле Мұсаева. – Осы косметикалық затты қолданып жүрген өзім білетін әйелдерді көрсем олардың жүздері маған нұрланып, жарқырап тұрғандай көрінеді. Мен барлық қазақ әйелдерінің әдемі, жас болып жүргенін қалаймын. Жаны сұлудың тәні сұлу демей ме? Барлық әйелдер жан сұлулығын сақтап, әдемі болса екен. Өйткені әйел бақыты өзінің қолында.
Раушан МАХЫМОВА, «Шымкент келбеті»