Облыс әкімі Б.Атамқұлов ирандық «Jahade Sabz» компаниясының басшылығын қабылдады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Өңір басшысы қонақтарды блыстың инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, өңірдің жоғары өндірістік-экономикалық әлеуеті жөнінде сөз қозғады», делінген хабарламада.
Әкім Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының басты бағыты ауыл шаруашылығы болып табылатынын атап өтті. Кездесу барысында суармалы жерлерді игеру, сондай-ақ, алма бауларын отырғызу, дәнді және майлы дақылдар егу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде шетелдік қонақтар техникалық сала, егіншілік және сауда-саттық салаларында мол тәжірибесі бар екендігін алға тартты. Бұл ретте облыс әкімі құзырлы органдарға ирандық компанияның жобаларын іске асыру барысында жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.