test
04-07-2024
27.3 C
Шымкент

«Мәңгілік Ел» Күлтегіннен басталады

Күні кеше Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысының идеялары мен ел дамуының болашақ бағдары «Мәңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатыр.
«Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» деп Президент Н. Назарбаев өз жолдауында айтқан болатын.
Тарихи кезең мен мемлекетшілдік сипаттарын білдіретін ұғымдар Күлтегін жырларында, Әл-Фарабидің философиялық шығармаларында және Жүсіп Баласағұн дастанында кездеседі. Мәңгілік Ел ұғымы, Қазақ хандығы тарихы жөнінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Сағынғали Әбубәкіровтің сұхбатын ықшамдап беріп отырмыз.

– «Мәңгілік Ел» идеясына қалай қарайсыз? Ұлттық идея бола ала ма?

– Алғаш рет «Мәңгі Ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге бағышталған бітіктаста жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ бетінде: «Мәңгі ел тұтып отырар ең» деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң жақ бетінде қайталанған. Ескерткіште «мәңгі ел», яғни, түркі мемлекетінің бас ордасымен бірге айтылған.

Белгілі бір дәрежеде «мәңгі» сөзі мен «ел» атауының мән-мағынасында сәйкестік аңғарылады. Мысалы, қазақта бұрыннан айтылып жүрген «Ел болайын десең…» деген аталы сөз бар. Бұл сөзді тереңінен ойлап қараса: «тұрақты» немесе «мәңгіге» ел-жұрт болайын десең… деген түсінікті аңғаруға болады. Мысалы, Күлтегінмен замандас үш қағанның ақылшысы, кей жорықтарда қолбасшы да болған Тоныкөк бітіктасында «ел де ел болды» деген тіркесінде «ел» сөзінің қайталануы елдің мәңгілік болуын меңзейді. Тіпті Абылай хан дүниеден озарында Бұқар жыраумен қоштасып жатып: «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ. Мылтығымның құнын екі ердің құны дегенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қыз құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы арманым бойымда кетті» деген екен. Абылайдың осы үш арманының ар жағында үлкен философиялық ой, даналық тұжырым бар. Бұл оның қазақтың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік Ел» етсем, ел болашағын тереңнен ойлағанын көрсетеді. Біз бәріміз қазақстандық екенімізді түсінуіміз керек. Біздің басты құндылығымыз – осы. Бірлікті нығайту – Президент айтқан «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына топтасу бағытындағы қажетті қадам. Әрқайсымыз жиырма бес жылда иеленген Тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге жауапты екенімізді сезінуге тиіспіз. Қуатты мемлекет құру мүмкіндігі бір-ақ рет беріледі, мүмкін жүз емес, мың жылда бірақ рет. Біз осы мүмкіндікті барынша пайдалануымыз керек.

– Елбасы тарихи фильмдер түсірудің патриоттық тәрбиеге ықпалдылығы жөнінде жиі айтып жүр. Алайда, тарихи фильмде жоңғарлармен арадағы қырғынды төңіректей беретініміз рас. Тарихшы ретінде бұған сіз не айтасыз?

– Ел тарихы ЖОО-да, мектептерде өз деңгейінде насихатталып жатыр деп ойлайсыз ба?

– Бұл әлі түйінді мәселе. «Мәңгілік Елдің» шығу тарихы түрік қағандығынан, Күлтегіннен басталады. Осы атауды жастарға, жоғары оқу орындарындағы білім алушы студенттерге кеңінен насихаттаса қандай?! Бұрын ЖОО-да тарих мамандығынан басқа мамандықтарда да Қазақ елінің тарихы ежелгі дәуірден басталатын. Қазір оқу бағдарламасы өзгерді. Жоғары оқу орындарының тарих мамандығынан басқа мамандықтарда 20 ғасырдың басынан, яғни 1900 жылдан бастап Қазақ тарихы оқытылады. Тарихшы ретінде бұл менің көңіліме қонбайды. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық сананы қалыптастыруға бұл жеткіліксіз. Елбасы айтқандай «Тарихты білмей, тарихи сана қалыптаспайды. Қ.Нұрғабыл.

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР