Шымкентте мектеп оқушыларының қатысуымен «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017» тақырыбында флешмоб ұйымдастырылды.
Шараға қала мектептерінен 620 бала қатысты. Жеткіншектер сонымен бірге «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі — балалар әлемінде» атты көріністі сахналады. Әлемдік деңгейде өткізілетін көрмеге дайындықты өңірдегі балалар осылайша бастап кетті.
Айта кетейік, Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға оңтүстіктен 4 мыңға жуық оқушы барады деп жоспарланып отыр. Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен жолдамалар берілуде. Бүгін аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық мамандандырылған көрмеге баратын мектеп оқушыларымен Шымкент қаласындағы «Оқушылар сарайында» арнайы кездесті. Жеткіншектердің алдын ала дайындаған «ЭКСПО-2017 — Оқушылар көзімен» тақырыбындағы көрмені аралап көріп, «ЭКСПО-2017 — Қазақстанның болашағы» атты салтанатты шараға қатысты. Тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырған оқушыларға сәттілік тілеген облыс әкімі мұндай мүмкіндіктер, егеменді еліміздің жастарға деген үміті мен қолдауы екенін атап өтті.