Оңтүстік Қазақстан облысындағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Ордабасы құс» ЖШС-і «Алтын сапа» жүлдесін иеленді. Осыған орай алдағы 5 жылға ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. «Біздің алдағы мақсатымыз күрке тауық өнімін ұлғайтумен қатар, алма бағы, балық өндірісі және ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру жоспарлануда. Себебі, құсты көбейткеннен кейін оған азықтық жем қажет. Ал ол азықтық жемді өндіруге шаруашылық кооперативтерінде игерілмей жатқан жерлер көп. Біз осы желерге тапсырыс бере отырып, алдын ала фьючерлік әдіспен төлемақы төлеп, күзде өнімдерін сатып аламыз. Осы әдісті қолға алып, жол картасын дайындадық. Сол жоспар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Онымен қоса, айналамыздағы бізге тиесілі жерлерде жеміс-жидек сақтайтын қоймалар мен жылыжайлар салып, жұмыс орындарын көбейту жоспарымызда бар»- дейді «Ордабасы құс» ЖШС-ң директоры Тағаев Мұрат. Аудан ғана емес облыс қазынасына қомақты қаражат құйып отырған өндіріс орны алдағы уақытта сапаға көптеп көңіл бөлмек.