Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында Африка елдерінің көрме-жәрмеңкесі ашылды. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. Шымшаһардың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Көрме» орталығында 23 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өтетін шара туризмді дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашу, іскерлік қатынастарды жақсарту мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көрменің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Африкадан келген қонақтарға ілтипат білдіріп, көрме жұмысымен танысты.
– Халықаралық көрмеде қаншама елдер мәдениеттері мен ұлттық ерекшеліктерін танытып, өздерінің экономикалық, технологиялық даму деңгейлері мен жетістіктерін көрсетті. Бүгінгі күні оңтүстік өңіріне сол көрменің бір бөлігін алып келіп отырған Африкалықтарға үлкен алғысымды білдіремін, деді өңір басшысы.
Көрмеде Африка құрлығының Эфиопия, Кения, Танзания, Гвинея, Гамбия, Судан және Йемен сынды бірқатар елдерінен жеткізілген тауарлар көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ашылуына орай ұымдастырылған салтанатты іс-шарада африкалықтар көрмеге арнайы келген қонақтараға өз өнерлерін көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Екі аптадан астам Шымкент төріндегі «Көрме» орталығында өтетін Африка елдерінің көрме-жәрмеңкесінен қолөнер бұйымдары мен шай, кофе және қолтырауын терісінен жасалған сөмкелер сынды тауарларды сатып алуға боады.