Мемлекет тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қас қақпай қадағалап жүрген полиция қызметкерлері ЭКСПО-ның өз дәрежесінде өтуіне көп күш салды. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстандық 62 өкіл бар. Төрткүл әлем көз тіккен шарада тер төккен ерлердің еңбегі елеусіз қалмады. Шара барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қырағылық танытқандарды ОҚО ІІД-нің бастығы Жанат Сүлейменов арнайы марапаттады. Оның ішінде 9 тәртіп сақшысына ҚР ІІМ Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы Әмірхан Бекмырзаевқа «полиция полковнигі» атағы берілсе, Нұржан Абдраманов «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» төсбелгісін тағынды. Ал, 26 полиция қызметкері «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалін иемденді. Дәл осы сый ІІД-де еңбек ете жүріп, спорт шыңынан көрінген ұландардың бапкері Мырзағали Айтжановқа да көрсетілді. Арнайы марапаттан ауған ардагерлері де қалыс қалмады. Жас қызметкерлерді идеялық-патриоттық тәрбиелеуде қосқан үлесі мен Ішкі істер органдарына көрсеткен көмегі үшін 10 майдангер «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалінің иесі атанды.
ДАНА Мырзақадір