Жетімін жылатпаған дархан көңілді қазақ елінің игі дәстүрін қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері қайта жаңғыртты. Жастардың бастамасымен жуырда «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық жәрмеңкесінде жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің қолөнер туындылары жәрмеңкеде өнерсүйер қауымның назарына ұсынылып, сатылымға шығарылған еді. Нәтижесінде, жәрмеңкеден жиналған қаржы «Достық» шағынауданындағы мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мұқтаждығына бөліп берілді. 18 жастағы шағынаудан тұрғыны Айша әке-шешесінен ерте айырылған. Жетімдіктің тауқыметін тартқан жасөспірім ол аздай, 9 жасында көру қабілетінен айырылды. Қысылтаяң күндерде жанашырлық танытқан жәрмеңкені ұйымдастырушылар Айшаға қыстық киімдер алып берді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі Мақсат есімді азаматтың цех ғимаратынан арнайы бөлме дайындалып, 2 бірдей тігін машинасы алынды. Ендігі жерде шағынауданның мүмкіндігі шектеулі тұрғындары цехта арнайы тапсырыстар бойынша тігін дизайнымен айналыспақ.
– Осылайша, кішігірім қолдау көрсете отырып, біздер табысы орта, мүмкіндігі шектеулі жандарды белгілі бір кәсіпке баулуды, осы арқылы жоғары табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді мекеме басшысы Абзалбек Убелтаев. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шара алдағы уақытта да игі жалғасын таппақ.