Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайында бағыттардың саны ұлғаюда. Бүгін, 16 қаңтар Түркістан халықаралық әуежайына Әбу-Дәбиден «Wizz Air» әуекомпаниясының Airbus 321 ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы 7 экипаж мүшесі болды. Ал, дәл осы күні рухани астана Түркістаннан Әбу-Дәбиге 200 адам аттанды.
Түркістан халықаралық әуежайының Басқарушы директоры Ильяс Нұғмановтың айтуынша, 100 жолаушының 40%-ы шетел азаматтары, яғни туристер. Сол себепті туризмнің дамуына әсері мол.
— Бүгін бірінші рейстің орындалуына байланысты әуежайымызда іс-шара өткізіп отырмыз. 2023 жылдың қараша айынан бастап «Abu-Dhabi — Turkistan» жаңа әуе бағытының ашылатыны және билеттер сатылымға шыққаны туралы хабарлаған едік. Билеттердің бағасы өте қолжетімді. Wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында 19 мың теңгеден, яғни БАӘ-нің 159 дирхамынан басталады. Қос қала арасында саяхат жасауды жоспарлағандар үшін билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынамыз. Егер көрсетілген сайтқа тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар. Рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 3 рет орындалады, — дейді әуежай өкілі.
Әбу-Дәбиден ұшып келген жолаушылардың арасында Үндістан елінің азаматтары өз әсерлерімен бөлісті.
— Мен Дубайда тұратын үндістандықпын. Бүкіл әлемді саяхаттап жүрмін. Бұған дейін Өзбекстан елінде болдым. Мәдениеттеріңіз ұқсас екен. Қазақстанға жұбайыммен бірге 4 күнге келдік. Қай қалаларға баратынымызды әлі шешкен жоқпыз. Қонақ үйге орналасқан соң ойланып, ертең саяхаттауды бастаймыз. Бұл рейстің ашылғаны — менің тағы да осында келуіме мүмкіндік береді. Келесі жолы таулы аймақтарды көретін боламын, — деген Ахмет Баши орналасуға «Керуен сарай» кешенін таңдағанын атап өтті.
«Wizz Air» әуекомпаниясының өкілдері жаңа әуе бағытының іске қосылғанына қуанышты екендерін жеткізді. «ABU-DHABI — TURKISTAN» — әуекомпанияның Қазақстан бойынша іске қосқан үшінші бағыты. Түркістан облысы әкімдігімен іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, алдағы уақытта басқа да бағыттарды қосуды жоспарлауда.
Түркістан — биыл Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Осыған орай, жыл соңына дейін халықаралық деңгейде түрлі форматта ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру көзделуде. Бүгінгі жаңа рейстің ашылуы жағымды жаңалықты еселеп, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал жасайды. Тарихи әрі ежелгі қаланың бүгінгі келбетін көруге асығатындар қатары артып, келушілер саны көбейеді. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы Стамбул және Эль-Кувейтке, Қазақстан ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына рейстер тұрақты ұшады.
«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы