19-05-2021
18.3 C
Шымкент

Тұрғындардың тазалық жөніндегі мәдениетін көтеру қажет

Үстеріне қызыл жейде киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көше бойында тынымсыз әрекет етіп жүрген жандарды көрсеңіз, қала тазалығының жаршысы бола білген бүгінгі күннің лайықты қаһармандары осылар деп біліңіз. Осы бір еңбек иелерінің күнделікті қауырт жұмысын бағамдай отырып, оларға қандай да бір құрмет үлгісін көрсетсек те жарасатындай.

Таңмен таласа тұрып, түртінектеп жүріп тірлігін бастайтын осы кәсіп иелерінің басым көпшілігін әйелдер құрайды. Күн манаурап батқанға дейін бел шешпей бейнет кешетін бұл жандар үшін «сенбі-жексенбі», «мейрам», «демалыс» деген түсінік екінші кезекке ысырылады. Мезгіл талғамайтын кәсіп иелерінің қызметтегі негізгі қағидасы бір: өркениет көшіне ілескен қаланың сән-сәулетін қалыптастыруға сүбелі үлес қосып, экологиялық ахуалды жақсартуға күш салу. Күнделікті өмірде былайғы жұрт байқай бермейтін қызғылт жейделі жандардың өзіндік қарымды қарекеті мен тіршілігінен сыр тартып білу мақсатында «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің директоры Гүлнар Сапарымбетпен сұхбаттасуды жөн көрген едік. 39-009-200x200

— Гүлнар Бертайқызы, қала тазалығына тікелей жауапты мекемеде қызмет ететін әйелдердің қоғамдағы рөлін айта кетсеңіз?

«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-гі негізінен, қала аумағында коммуналдық шаруашылық бағытында қызмет атқаратын ең ірі мекемелердің бірі. Қала аумағының 70 пайыз тазалығы осы мекемеге жүктеледі. Бұл бағытта мен айтар едім, нәзік жандылардың атқаратын қызметі мен өзіндік орны айрықша әспеттеуге тұрарлық-ақ. Себебі, әйел бар жерде жинақылық, тазалық, үйлесімділік пен тәртіп бар. Содан да болар, біздің мекемеде әйелдердің үлес салмағы басым. Яғни, 60 пайызды құрайды. Меніңше, коммуналдық шаруашылық саласын әйелдерсіз елестетіп көрудің өзі өте қиын. Өкінішке қарай, күнделікті өмірде байқап жүрміз, шаруашылық бағытындағы бірқатар мекемелерде жасы 35-тен асқан адамдарды қызметке алмай жатады. Олардың қажыр-қайраты, мүддесі ескерілмейді. Ал бізде көпшілігі зейнеткерлік жасқа шыққан адамдар. Әрине, жұмысы да өте ауыр. Қызметі таңғы сағат 5:00-ден басталады. Үйінділер арасында жүріп, қоқыс тазалайды. Сонда да болса, олар бір сәт қиналғанын көрсетіп, қажыған емес. Уақытының көп бөлігін олар қызмет орнында өткізуіне тура келеді. Өйткені, қарбалас қызу жұмыстың талабы осы. Көбіне ер азаматқа тән төзімділікті қажет ететін жұмысты атқарып жүрген азаматшаларымыз бұл бейнетін тек қызмет деп қана емес, абыройлы борышым деп те ұғынады. Осындай бейнетқор әйелдердің арқасында ғана біздер қаланы таза ұстай аламыз.

— Әйелдердің әлеуметтік мәселесі қаншалықты деңгейде шешілген?

— Басын ашып айта кетер бір жағдай, осы мекеменің құрылып, қалтқысыз қызмет ете бастағанына биыл 8 жыл толады. Осы жылдар ішінде мекеме қызметкерлері не түрлі ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Мен мұнда алғашқыда агроном болып қызмет атқарсам, бертінірек, бөлім басшысы, директордың орынбасары міндеттерін де атқардым. Күні бүгінге дейін жұмысшылардың маңдай тері мен әлеуметтік ахуалын көз алдымда бағамдаумен келемін. Қазір Аллаға шүкір, жағдай біршама оңалды. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да мейлінше көп көңіл бөліне бастады. Кәсіподақ комитетімен бірлесе отырып, әсіресе, әйелдердің әлеуметтік мәселесіне назар аудардық. Бұған дейін бұл ұжымда ешқандай бір қызметкер сауықтыру-демалыс орындарына жіберілмеген екен. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін біз тек өткен жылда 160 адамды «Сарыағаш», «Жаңақорған», «Айгүл» демалыс үйлерінде сауықтыруға жібердік. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан 93 баланы лагерлерге жібердік. Әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж адамдарға қосымша жәрдемақы берілді. Бұлардың барлығы олардың жағдайын көтеруге бағытталған шаралар. Мәселен, бізде тұрғылықты үйі жоқ, бес балалы ана жұмыс жасайды. Жұмысына өте ұқыпты. 7 жылдан бері, яғни, мекеменің құрылған алғашқы күнінен-ақ осында қызмет етіп келеді. Өз тарапымыздан ықпал етіп, оған жуырда «Достық» мөлтекауданынан тұрғын үй алуына жәрдем көрсеттік. Бұдан бөлек, қос бірдей студент баласы бар әйелдерге де өз мүмкіндігімізге қарай көмек көрсетудеміз.

— Жұмысшылардың талап-мүддесіне талдау жасалына ма? Ондағы кез болған ең басты кедергілер қайсы?

— Әрине. Осындағы 800 жұмысшының тағдыры – менің тағдырым. Мәселен өткен жылы біз олардың денсаулық жағдайына талдау жүргізу мақсатында ең алдымен барлығын бірдей жаппай медициналық тексеруден өткіздік. Бұл іске осындағы «Эскулап» медициналық бірлестігі қолдау көрсетті. Тексеру нәтижелері бойынша бізді алаңдатқаны, 22 адам туберкулезге шалдыққан деген күдік болды. Абырой болғанда, екеуінде ғана осы дерттің бары дәлелденді. Олардың дер кезінде ем қабылдауына өз тарапымыздан көмек бердік.

Жалпы мен жұмыс жоқ деп қол қусырып отыратын адамдардың әрекетіне онша сене бермеймін. Шын мәнінде, істеймін деген адамға жұмыс қашанда табылады. Меніңше, адал еңбек етіп тапқан наннан қадірлі ештеңе жоқ. Жұмыстың үлкен-кішісі, қадірлі-қадірсізі болмайды. Ең бастысы адал еңбектену. Көше сыпырамын деп намыстанудың қажеті жоқ. Өзім осы мекемеде қызмет атқаратынымды мақтан етемін. Және әрбір жұмысшыммен мақ­тана аламын, әрқайсысына иіліп сәлем бере­мін, алғысымды айтамын. Бұл ең қажет мекеме. Екі қолға бір күрек іздеген адамдар үшін бізде де бос жұмыс орындары бар. Көше тазалаушылар, көлік жүргізушілері қажет. Бізге қазір 300-дей жұмысшы жетіспейді. Қызметкерлеріміз 43 мың айлық жалақы алады. Сәуір айынан бастап, табысы тағы 10 пайызға жоғарыламақ.

Қазіргі таңда, қаланың жер көлемі ұлғайып, жаңа елдімекендермен толығуда. Бұл да болса біздің ісімізге жаңа міндеттер, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұдан бөлек, біздер төтенше жағдай орын алар болса, дер кезінде оқиға орнында апат салдарын жою ісіне де белсене қатысамыз. Бұл үшін 21 техникамыз жұмыс істеуде. Әрине, әлі де болса, бізде арық қазатын, жүк таситын арнайы техникалар, эксковаторлар жетіспейді. Оларды алдағы уақытта екінші деңгейлі банктерден лизинг арқылы алуды жоспарлап отырмыз. Есептеп көрсек, бізге нақты 215 техниканың қажеттілігі туындауда. Сонымен қатар, тағы бір айта кетер мәселе, қала аумағындағы ирригация жүйелерінің ретсіз орналасуы, «қызыл сызықтан» асып кеткен дүкен-дүңгіршектердің мәселесі тазалық жұмыстарын ойдағыдай жоспарлы межеде атқаруға кедергісін келтіруде.

— Қала тазалығын сақтау бағытында тағы қандай шаралар жүзеге асады?

— Тазалыққа тек біздің мекеме емес, әрбір қала тұрғыны жауапты болуы тиіс. Туып-өскен жерім болғандықтан, Шымкент мен үшін дара қала. Халқы қонақжай, дарқан, кеңпейіл. Бірақ, әйтсе де шымкенттіктердің тазалық жөнінде мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Қала — баршамыздың ортақ үйі­міз. Тазалық мәселесі қаламызда тұрып жатқан тұрғындардың барлығына қа­тысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Өздері таза­лайды деген керағар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңесі кетпейді. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, қаламыздың таза әрі көрікті мекенге айнал­уына титтей де болса үлес қосар едік. Жалпы, біздің мекеме облыс орталығының 40 көшесінің бойындағы жасыл-желекті күтіп-баптап ұстауға, негізгі 77 көшенің және 5 канал мен өзендердің тазалығына жауапты саналады.

Жылдан жылға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы артып, қала тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді. Мұның өзі еліміздің ертеңге деген сенімін еселей түсуде. Туған қаламыздың сәнді, жинақы болғаны бәріміз үшін де қуаныш. Сондықтан да, өзіміз тұрып жатқан үйіміз бен көшеміздің таза болуын қадағалап, ол жұмысты атқарып жүргендердің жұмысына құрметпен қарауға үйренейік.

— 8-наурыз мейрамымен бірге 50 жасқа толған мерейтойыңыз да қатар келген екен. Қос бірдей қуанышты ерекше атап өтетін боларсыз?..

— Әрине, ресми түрде демалыс күндері ретінде аталғанмен де, қос бірдей қуаныш сәтін тойлап, үйде болуға біздің қызметіміз мүмкіндік бере бермейді. Мен кеше жігіттерге айттым, «әйел адамдарымыз үшін бұл мейрам күні демалыс болсын. Бірақ мен өзім сендермен бірге жұмыс орнында боламын», — деп. Бұған барлығы да келіскен сыңайлы. Қалыптасқан дәстүр сол, мейрам күндері де бізде қауырт жұмыстан босауға мүмкіндік жоқ.

Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың бір сөзінде айтқаны бар: «қазақтың өз тарихында ұялатын дүниесі жоқ» деп. Сол айтқандай, өзімнің де осы 50 жылдық ғұмырымда өкініш ететін тұсым жоқ секілді. Әлі күнге ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ. Хал-қадірімше дос пен туыс арасында, қоғам алдында абыройлы болуға тырыстым. 25 жыл отандасқан жұбайым Сағын Қаратаев екеуіміз 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, құтты орындарына қондырдық. Өмірімде өзгеге артар өкпем жоқ.

Әрине, қызмет барысында межелі міндетті дер кезінде аяқтау үшін түнгі 10-11-ге дейін жұмыста қалатын кездер де аз емес. Жауаптылықтың басында өзің тұрған соң барлық нәрсені жіті бақылауда ұстау қажет. Жұбайым мен балаларым қызметіме түсіністікпен қарайды. Маған тіпті қай кезде де қолдау танытып отырады. Осындай жетістіктің бәрі еліміздегі бейбітшілік пен өзара ауызбіршілікте ғұмыр кешкен халқымыздың берекелі тұрмысының нәтижесі деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Автор: Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ,  Дерек көзі: «Шымкент келбеті»

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР